Балалардың туа біткен маймақтығы

Маймақтық ­–жаңа туған балалардың  сүйектер мен буындарға қатысты ауруы.  Туа біткен маймақтық тірек-қимыл жүйесі дамуындағы барлық ақаулар арасында екінші орында, туылған мың балаға шаққанда орташа есеппен 4-5  кездеседі. Деформация көбінесе екіжақты болады, 20 % дамудың басқа ақауларымен бірге кездеседі және көбінде түрлі синдромдар кезінде анықталады.

«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК осы патологиямен 2019 жылдан бері 21 бала, 2020 жылғы 10 айда 9 бала емделді.

Туа біткен маймақтықтың классификациясы әр алуан және тәжірибеде қолдануға икемделіп қазіргі уақытта жетіле түсуде. Туа біткен маймақтықтың табиғаты полиэтиологиялық екендігі жалпы мойындалан. Оның дамуының негізгі теориясына ұрық қуалаушылық (генетикалық), механикалық және жүйке-бұлшықет теориялары жатады. Туа біткен маймақтықты зерделеуші көпшілік зерттеушілердің пікірінше оның пайда болуына көбінесе табан мен жіліншікті зақымдайтын диспластикалық процесс негіз болады, онда деформацияның ауырлығына байланысты сүйек, жүйке-бұлшықет және қан-тамыр жүйесінің түрлі деңгейде жетілмей қалуы басым болады.

Әдебиеттерде туа біткен маймақтықтың  алуан түрлі классификация көптеп ұсынылған . X.3. Гафаров (1978) туа біткен маймақтың төрт деңгейін айқындайды: жеңіл, орташа, ауыр және өте ауыр. Аздаған өзгертулермен, осындай классификацияны С.С. Беренштейн (1991) [1] де ұстанады. З.А. Черкашина (2000), Е.А. Ставская (1986) паталогияның ауырлығының  үш деңгейін көрсетеді: 1. жеңіл, 2. жұмсақ тінді жіне 3. сүйектік. Волков бойынша маймақтықтың классификациясы келесі түрлерді ажыратады:  әдеттегі туа біткен маймақтық, 2. позициялық туа біткен маймақтық, 3. екінші туа біткен маймақтық: а) ОЖЖ перинаталды зақымдануы салдарынан неврогенді; б) миелодиспластикалық; в) туа біткен шеткі жүйке-бұлшықет аппаратының зақымдануы (оның ішінде амниотикалық тарту)    4. Артрогрипотикалық  маймақтық.

Бүкіл әлемде маймақтықты емдеу француз дәрігері Понсеттидің әдісімен жүргізіледі, сатылап гипстеу. Гипс башпайдың басынан бастап шапқа дейін салынады. Бұл техника біртіндеп сүйектер мен буындардың арасалмағын қалпына келтіреді. Емдеуді туылған сәттен кейінгі бірінші  апта немесе екінші аптада бастайды. Әр 5-7 күн сайын гипсті таңғышты ауыстырады. Гипсті таңғыштар 7-8 аптаға салынады, бұл уақыт табанның деформациясын түзетуге жеткілікті. 

Көп жағдайда толық түзету үшін ахиллотомия қажет. Маймақтықтың емдеуден кейінгі рецидив тенденциясы бар. Олай болмас үшін соңғы гипсті шешкен соң брейс кию қажет. Брейсті күніне 23 сағат 3 ай киеді. Кейіннен

2-4 жылға дейін тек түнгі уақытта кейде күндізгі ұйқы кезінде киеді. Кейбір жағдайларда ортопедиялық режимнің сақталғанына қарамастан, рецидив болса, шағын ота талап етіледі, ол 3 жастан асқанда жасалуы мүмкін.

Балалардың туа біткен маймақтығын  емдеу кезінде ортопедиялық режимді сақтау аса маңызды, ол бірінші кезекте ата-аналарға байланысты. Режим сақталмаған жағдайда балада осы аурудың рецидиві болуы мүмкін де, балаға ота жасалады.

Туа біткен маймақтықты емдеу 5 жасқа дейін жүргізіледі.

 

«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК  травматолог дәрігері Белес Дуйсенович Байжанов